Табысты мектеп – жарқын болашағымыздың кепілі

Табысты мектеп – жарқын болашағымыздың кепілі



Жаһандық дәуір - жылдам өзгерістерге толы озық технологиялар заманы. Қазіргі кездегі тәуелсіз еліміздің баянды болашағы да білім мен тәрбиеге тікелей байланысты. Бүгінгі таңда жаңашылдық үдерістерді меңгеруге нақты қадам жасалып, цифрландыруға, көптілділікті қатар дамытуға бағытталған, білім алушылардың сұранысына сай жұмыс жасап жатқан мектептің бірі - №85 мектеп-лицейі. Мектебіміз жас ұрпақтың білімді де білікті,бәсекеге қабілетті маман болуы үшін әлемдегі үздік білім беру жүйелерін зерделеп, жыл сайын жүздеген түлектерді үлкен өмірге қанат қақтыруда.
Мектеп жас кәсіпкер Шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәнидің демеушілігімен салынған. Білім ордасы 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Қазіргі уақытта 3558 оқушы білім алуда, жаратылыстану-математикалық бағыттағы 109 сынып комплект жұмыс істейді, оқыту екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Ұстаздар қауымының алдында жаһандануға ілесе алатын жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастыру міндеті тұр. Мектебімізде осы жауапкершіліктің жүгін арқалаған 162 мұғалім жұмыс жасайды. Оның «Педагог-модератор»-44, «педагог-сарапшы»-36, «педагог-зерттеуші»-34, «педагог-шебер»-3. Ұжымдағы мұғалімдердің орташа жаc мөлшері 33-35 жасты құрайды.
Мектептің мақсаты - халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықтың дамуына жеке үлес қосуға қабілетті, жоғары рухани құндылықтары бар интеллектуалды, бәсекеге қабілетті, әртараптандырылған тұлғаны қалыптастыруға ықпал ететін қолайлы орта құру.
Мектептің міндеті - өз елі мен әлемдік қоғамдастық пайдасы үшін өзін-өзі жетілдіруге, өмір бойы білім алуға бағытталған, қарқынды дамып, жұмыс жасап жатқан жеке тұлғаны тәрбиелеу.
Жаһандану заманында өз тілін, салт – дәстүрін жоғалтып алмай, жаңа ғасыр бәсекесіне түсе алатын, өзгермелі өмірге икемді бала оқытып, тәрбиелеу бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр.
Табысты мектеп қандай болмақ? Табысты мектептің негізгі көрсеткіштері қандай? деген сұрақтар ұжым алдында үнемі тұрады.
Осы орайда мектепішілік Lesson Study зерттеу тәсілі, БжС технологиясы, Сатылай кешенді талдау технологиясы, «Алтын қадам» жас маман ұйымы жұмыс жасайды.
Мұғалімдердің педагогикалық кәсіби біліктіліктерін арттыру, іс-тәжірибелерін бөлісу, педагогикалық жаңа тың идеяларды насихаттау , сапалы білім беру үдерісін қамтамасыз ету мақсатында мектебімізде 2019 жылдан бері Lesson Study зерттеу тәсілі жүргізіліп келеді. Сабақты зерттеу үрдісі өз нәтижесін беруде. Мектеп ұстаздары қалалық ғылыми – практикалық конференцияда, вебинарларда өз тәжірибелерімен бөлісіп, оқу барысында зерттеу сабақтары жүргізіліп, соңында постер-сессиялар арқылы қорытынды шығарылып отырады. Мектебіміз Серіктес мектеп ретінде желілік қоғамдастықта жұмыс жасап жатыр.
Биылғы оқу жылынан бастап мектебіміз «BiS» («Биоинформатика және синергетика») авторлық технологиясы бойынша жұмыс жасап жатыр. Мектептің 43 мұғалімі профессор, педагог-психолог Федор Яковлевич Вассерман «BiS» («Биоинформатика және синергетика») авторлық технологиясы бойынша курстан өтті. Бұл технология жаңа оқу жылында бастауыш сыныптарда және 5-11-сыныптарда биология, география, математика, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілінен енгізілетін болады. Білім беру сапасын басқарудың БжС технологиясының мәні мынада: оқу үрдісі балалардың барлығы дерлік оқу үдерісіне қатысатындай етіп ұйымдастырылады, олар білетіндері мен ойлайтындарын түсінуге және ойлануға мүмкіндік алады. Дәстүрлі сабақта мұғалім 5-7 баладан сұхбат алып, бағалай алады. Технологиялық диаграммалармен жұмыс жасағанда әр бала топпен, әр сабақта жұмыс жасайды. Сынып біртұтас команда ретінде әрекет етеді. Мұғалім дайын білімді бермейді, бірақ оқушыларды өз бетінше ізденуге шақырады. Сабақтарды өткізудің дәстүрлі формаларымен салыстырғанда, осы әдістеме бойынша сабақ беру кезінде мұғалім мен оқушының өзара әрекеті өзгереді: мұғалімнің қызметі оқушылардың белсенділігіне жол береді.
Сондай-ақ осы оқу жылында бастауыш сыныптарда негізгі пәндерден Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы оқу үрдісіне енгізілді. Қазіргі таңда бастауыш сынып мұғалімдері арнайы курстан өтті. Бастауыш қазақ сыныптары «Тілдік бірлік» факультатив сабағында осы технологиямен жұмыс жасап,мұғалімдер мен оқушылар арасында сыныпішілік олимпиада ұйымдастырып, қалалық, республикалық, халықаралық олимпиадаға іріктеу жұмысы жасалды. Технология негізінде түрлі амал-тәсілдер мен әдістемені меңгеру, білім сапасын көтеру көзделуде.
Мектебімізде жас маманға қолдау көрсету мақсатында «Алтын қадам» жас маман ұйымы жұмыс жасайды. Ұйым жас маманның өзіндік дамуы мен кәсіби бейімделуіне, шығармашылық қызметінің жеке стилін қалыптастыруға үнемі әдістемелік көмек көрсетіп отырады. Жыл бойы жас мамандар оқыту семинарларына қатысып, бірлескен іс-шаралар өткізіп отырды.
2018 жылдан бастап «Әр бала мектепке лайықты» жобасын іске асыру мақсатында №85 мектеп-лицейінде «Болашақ» корпоративтік қорымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды. Жобаның мақсаты – жалпы білім беретін мектептерде аутизм спектрі бұзылған және басқа да ерекше қажеттіліктері бар балаларды қамту. Инклюзивті қолдау кабинетінде оқуда қиындықтары бар оқушылар қажеттіліктеріне сәйкес қосымша көмек ала алады. Инклюзивті қолдау кабинеті бірнеше аймақты біріктіреді: демалыс бұрышы мен сенсорлық түсіру бұрышы, мұғалімнің жұмыс орны, мамандармен жеке сабақтар өткізуге арналған аймақ, топтық сабақтарға арналған аймақ.
Мектеп жұмысының басым бағыттарының бірі - қалалық «Көптілділік» кластеріне қатысу. Осыған байланысты химия, биология, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту 7-9 сыныптарда енгізілді. Үштілде сабақ өткізіп отырған пән мұғалімдері өздерінің іс-тәжірибесін республикалық, қалалық семинарларда бөлісіп, ашық сабақтар мен сыныптан тыс іс-шаралар өткізіп отырады.
Мектептің білім беру үрдісінде «STEM», «Digital School», «PASCO», «Алтын Ұрпақ», «Эко-мектеп» тәжірибелік алаңдары маңызды рөл атқарады. Бастауыш мектепте «Бағдарламалау негіздері» элективті курсы өткізіледі.
2020-2021 оқу жылында «Астана дарыны» қорларды дамыту және психологиялық қолдау орталығы «Зерделі» интеллектуалды дамыту мектебімен бірлесіп, «Алтын сақа» қалалық математикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша 3-4 сынып оқушылары Бас жүлде иегері атанып, 5-6 сынып оқушылары 3 орынға ие болды. Осы оқу жылында мектебіміздің үш оқушысы «Елбасы медалі» жобасына қатысып,қола медальмен марапатталды.
«Ғасырдан ғасырға» қалалық интеллектуалды сайысында мектеп командасы ІІІ орынға ие болды. Қалалық «Пәннің үздік оқытушысы» байқауында мұғалімдер І және ІІІ орындарды жеңіп алды, қалалық «Үздік онлайн сабақ» байқауында 1,2,3 орын жүлдегері атанды. Суды үнемдей отырып мектеп питомниктерінің суаруын ұйымдастырғаны үшін 150 000 теңгенің сертификатының иегері атанды. «Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» байқауында І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Бастауыш мектеп мұғалімі, жас маман «Елбасы Медалі» жобасының қола медалі иегері атанды. 5 оқушы да осы медаль иегері атанды.
Мектептегі тәрбие жұмысы оқушыны болашақ қоғам мүддесі үшін еңбектене білетін, рухани ойлау дәрежесі биік, Отанын сүйетін, еңбекқор, ізденімпаз, қабілетті адам даярлау мақсатына бағытталған. Жасөспірімдерді отансүйгіштікке, бірлікке, еліміздің мемлекеттік тарихын қастерлеуге тәрбиелеу мақсатында «Жас Сарбаз» кадет сыныптары, білім алушылардың бойында азаматтық белсенділік, әлеуметтік құзыреттілік, азаматтық жауапкершілік дағдыларын дамыту үшін Мектеп Парламенті, өзін–өзі басқару ұйымы , жемқорлықты болдырмаудың алдын алу және жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, адалдыққа, адамгершілікке баулу, мейірімділікке, әділеттілікке, сеніммен қарауға, парасатылыққа тәрбиелеу мақсатында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы, «Адал кітапхана, Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында «Мұрагер» домбыра үйірмесі, «Асық ату» үйірмесі, «Бес тас» үйірмесі жұмыс жасайды.
2021-2022 оқу жылынан бастап «Музыка», «Көркем еңбек», «Дене шынықтыру» және «Өзін-өзі тану» пәндері орыс тілінде оқытылатын 1-сыныптарда қазақ тілінде жүргізіліп келеді.
2020-2021 оқу жылында қалалық және республикалық деңгейдегі «Зерде» шығармашылық және зерттеу жұмыстары байқауында 11 оқушы жүлдегер атанды, 8-11 сынып оқушылары арасындағы ғылыми жобалар байқауында 7 оқушы жеңіске жетті. Жыл сайынғы қалалық және республикалық деңгейдегі жалпы білім беретін пәндер олимпиадасында 26 оқушы жүлделі орындарға ие болды.
2020-2021 оқу жылында «Астана дарыны» қорларды дамыту және психологиялық қолдау орталығы «Зерделі» интеллектуалды дамыту мектебімен бірлесіп, «Алтын сақа» қалалық математикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша 3-4 сынып оқушылары Бас жүлде иегері атанып, 5-6 сынып оқушылары 3 орынға ие болды.
«Ғасырдан ғасырға» қалалық интеллектуалды сайысында мектеп командасы ІІІ орынға ие болды. Қалалық «Пәннің үздік оқытушысы» байқауында мұғалімдер 1 және 3 орындарды жеңіп алды, қалалық «Үздік онлайн сабақ» байқауында 1,2,3 орын жүлдегері. Суды үнемдей отырып мектеп питомниктерінің суаруын ұйымдастырғаны үшін 150 000 теңгенің сертификатының иегері атанды. «Азаматтық қорғаныс саласындағы үздік мектеп» байқауында І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
2018 - 2022 жылдар аралығында мектепті 12 түлек «Алтын белгімен», 8 түлек үздік аттестатпен бітірді.
2021-2022 оқу жылында «Мамандығым –мақтанышым» қалалық педагог –шебер ұстаздардың арасында өткен байқаудан гран при мектебіміздің педагог –шебер ұстазы иеленді.
2021 –2022 оқу жылының 22 қарашасында мектеп-лицей Халықаралық Бакалавриаттың орта мектеп бағдарламасы авторизациясынан өтіп, «Халықаралық Бакалавриат мектебі» статусын алды.Сонымен бірге ағымдағы жылда «Үздік ұжым» байқауына қатысып, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің Грантын иеленді.
Мектеп ұжымы білім сапасын арттыру және білім ошағын өркендету жолында аянбай еңбек етуде. Алдағы уақытта да бірлескен қызметтің нәтижесінде толымды табыстарға қол жеткізетіндігімізге сеніміміз мол.