АТА-АНА, СIЗДЕР ҮШIН!

АТА-АНА, СIЗДЕР ҮШIН!



АТА-АНА, СIЗДЕР ҮШIН!
Академик, психология ғылымының докторы А.В. Петровскийдің ата-ананың бала тәрбиелеу стилін (өктемшілдік, қамқоршылық, конфронтация, бейбіт өмір сүру, ынтымақтастық); бала психиатры М.И. Буянов отбасы тәрбиесінің біржақтылыққа апаратын кемшіліктер типтері анықтады:
а) «Күң қыз» ("Золушка") типіндегі тәрбие.
ә) «Үйдің сүйкімдісі» ("отбасы кумирі" ) типінде тәрбиелеу.
б) Ерекше қамқорлықта тәрбиелеу (бала үшін бәрін үлкендер шешеді)
в) қамқорлықсыз тәрбие (бала өзімен-өзі)
г) «Ханзада» типіндегі тәрбие (материалдық жағдайы жақсы отбасылар) деп топтастыратыны жөнінде педагогика пәнінен танысасыз...
Отбасы және мектеп бiрiгiп ортақ мақсатқа бағытталып еңбек етедi. Ол мақсат жан-жақты дамыған адам тәрбиелеу. Қазiр заманымызға салауатты өмiр сүру, дамыған ақыл-ой, сана (интеллект), кең дүниетаным, қарым-қатынаста парасатты-мәдениет, дүниенi эстетикалық тұрғыда қабылдау – осы бiрiккен iс- әрекет нәтижесi болып табылады.

Өз балаңызға жақсы денсаулық тiлесеңiз, отбасында өмiр сүруде төмендегi ұстанымдарды қолданыңыз:
А) еңбек етудiң, демалудың, тамақтанудың белгiлi бiр режимiн ұстаныңыз, атап айтсақ: уақытында ұйқыға жатып, ерте тұру, қонымды ауқаттану, кешкi 7-ден кейiн тамақ iшпеу. Тамақ құрамы өсiмдiк және белоктық астардан тұрғаны дұрыс, тәттi, майлы, ащы, тұзды заттардан аулақ болғаны жөн; Жартылай дайын тағамдарының (тез дайындалатын, гендік инженерия арқылы дайындалған тағам өнімдері) психика мен жалпы денсаулыққа теріс әсер ететінін ұмытпаңыз!
Б) Таңертең күйiңiздi дене шынықтыру гимнастикадан бастап (30 минуттай), таза ауада жүгiрiп, одан соң душ қабылдап, мұздай суды денеңiзге құйып шынығыңыз. Жатар алдында да салқын су құйыңыз.
В) Темекiнi тастаңыз. Балаларыңызға темекi шегу – өзiн-өзi өлтiрудiң бiр әдiсi екенiн түсiндiрiңiз. Ішімдікті мүлдем азайтыңыз (Әсiресе, баланың көзiнше iшпеген дұрыс).
Г) Үйге кiрген соң үкiметке, бағаларға, келеңсiздiктерге деген ашу-ызаңызды көрсетпеңiз. Оны отбасы мүшелерiне лақ етiп төге салмаңыз. Бұл күйзеліс тудырып, жүйке жүйесін бұзады, бала ағзасы ауруға тез бейiм болады.
Д) Телевизордың құлы болып кетуден қашыңыз. Одан да табиғатпен қарым-қатынас жасауға тырысыңыз (таза ауа, қимылды еңбек, ойын...).
Е) Бос уақытыңызды балалармен бiрге спорттың бiр түрiмен қызыға айналыссаңыз, балаларыңыз сiзге құрметпен қарайтын болады.
Ж) Сiздiң барлық әдетiңiз баланың үйреншікті ісіне айналатынын ұмытпаңыз!

Егер балаңыздың еңбекқор, еңбексүйгiш болғанын қаласаңыз (ал бұл оның өмiрде өзiнiң орнын табуының көзi) мына ережелердi ұстаныңыз:
А) Балаларыңыздың отбасылық жұмыстардың қандай да бiр түрiнен аулақтатпаңыз. Еңбек дағдысы әдетке айналғанда ғана нәтиже бередi. Ондай адам болашақта өз отбасына береке әкеледi.
Б) Отбасы мүшесiнiң iс-әрекетiне ешқашан жаман баға берiп, кемсiтпеңiз, қолдап, ынталандырып отырыңыз. Жасаған еңбегiнен рахат сезiмiн алу – баланы шығармашылыққа әкеледi.
В) Үйдегi болған келеңсiздiктi ешкiмге айтып жаймаңыз, жанұяның әр мүшесiнiң беделiне, жақсы атына нұқсан келтiрмеңiз. “Жаманын жасырып..)
Г) Еңбектiң түрiн “әйелдiкi”, “ердiкi” деп ешқашан бөлмеңiз. Кез келген жұмыс керек, қажет.

Егер балаңыздың болашақта бақытты отбасы басшысы, жақсы әке-шеше болуын қаласаңыз:
А) отбасында ашық-жарқын, парасатты қалыпта болыңыз, ұстамды, байсалды болуға тырысыңыз.
Б) балаларға неғұрлым көп уақытыңызды арнаңыз, олардың немен айналасатыны, яғни отбасында бiрлiк, ынтымақтастық ахуалы болсын.
В) ерiңiзге (әйелiңiзге) сыйлы қарым-қатынасыңыз өте жоғары, айқын көрiнетiн болсын. Балаңызға әкесi туралы “отбасы басшысы, тiрегi, асқар тауы”, әйелiңіз туралы (жылулық, сұлулық, мейiрiм, татулық иесi) деп үлгi етiп отырыңыз. Ешқашан баланың көзiнше ұрысып, салғыласпаңыз, беделiңiздi түсiрмеңiз.

Егер балаңызды орта адамы, мәдениеттi адам ретiнде көргiңiз келсе:
А) Балаңыздың мектептегi жетiстiгiне қуана бiлiп, қолдау көрсетiңiз. Сабақтан қалмауын қадағалаңыз.
Б) Балалармен бiрге мәдениеттi демалуға қаражат, уақытыңызды аямаңыз. Театр, кино, көрме, концерт, музей, т. б. бiрге барып, талдаңыз. Ең бай адам – эмоциясы бай адам!
В) Кiтап оқуға (бiрге және өзiңiз де) уақыт тауып, балаларға да кiтап оқуға сүйiспеншiлiгiн қалыптастырыңыз. Ең жақсы сыйлық – ақылды кiтап. Кiтап оқып отырып күлiмдеп, күлiп, ең қызық жерiн оқып берiңiз, ұнаған жерiмен, алған әсерiңiзбен бөлiсiңiз. Мақтаныңыз. (Бала қызығатын болады).
Г) Баланың мәдени хоббиiн, құштарлығын қолданыңыз. Әсемдiкке талпынысын, ынтасын жойып алмаңыз. Көмектесiңiз, өзiңiз де сонымен айналысыңыз. (Мысалы: әдеби кiтап жинау, шахмат ойнау, т. б.)

Егер балаңызды қатал, еш нәрсеге қызықпайтын “жүрегi жоқ қатыгез” болмасын десеңiз:
А) Өзгелерге, өзiне жақсы қарым-қатынасқа тәрбиелеңiз. Өзгелер туралы өсек айтпаңыз, оған да айтқызбаңыз. Қызғаншықтық, екiжүздiлiк, жағымпаздық, даңғойлық сияқты қасиеттер ата-анадан берiлетiнiн ұмытпаңыз.

Балаңыз мейiрiмдi, сенiмдi, сiздiң қарттығыңызды сыйлайтын терек болсын десеңiз:
А) Өзiңiз ата-анаңызға, үлкендерге, ағайынға мейiрiмдi, қайырымды болыңыз. Оларға көмектi балаларыңызбен бiрге жасаңыз. Жылы қарым-қатынас, iзгiлiк өзiңiзге қайтып оралады. Осыдан түйiн: Бүкiл тәрбие екi ғана қағидаға негiзделген:
1. Сiздiң жеке бас үлгi-өнегеңiз;
2. Балаға қолайлы жағдай жасау.
Бала тәрбиелеудің он ережесі
Орысшаға румын тілінен аударылып, мың тоғыз жүз сексен жетінші жылы «Медицина» баспасынан шыққан Керпару Эмил мен Керпару Гертаның «Ана мен бала» кітабынан алынған бұл ережелер «Дошкольное воспитание» журналында (1988, №7) басылған. Қазақшаға содан алынып жарияланып отыр.
Халықаралық балалар жылында қабылданған. Песталоццидің, Фребельдің, Черньнің педагогикалық ұлағаттарынан құрылған бұл ережелерде қазіргі заманғы да ескерілген.
1) Балаңды сүй. Яғни, оның қасыңда барына қуан, ол өзі қандай болса, солай қабылда, оны қорлама, оны жәбірлеме, оны өзіне деген сенімділігінен айырма, оны нақақтан жазалама, оны өзіңнің сеніміңнен мақұрым етпе, сені жақсы көруіне жағдай тудыр.
2) Балаңды қорға. Яғни, оны жаны мен тәніне қауіпті нәрселерден сақта, тіпті қажет болса, жеке мүдделеріңді құрбан етіп, басыңды қатерге байлай отырып қорға.
3) Балаңа жақсы үлгі бол. Оның бойына дәстүрлі құндылықтарға деген құрмет сезімін дарыт, өзің де сол құндылықтарға сәйкес өмір сүр, балаға жауапкершілік сезіммен қара. Балаға үй іші тату, қарттарын құрметтеп, жақсы көретін барлық туған-туысқандарымен және дос-жарандарымен етене жақын әрі шынайы байланыста болатын отбасы, ошақ қасы керек. Бала адалдық, кішіпейілдік,жарастық ұялаған семьяда өмір сүруге тиіс. Ата-ананың ерлі-зайыптылық адалдықты бұзуы, көре алмаушылық, арсыздық жолмен баю, балаға принципсіз байланыстар арқылы қандай да болсын пайда келтіру және т.б. осының бәрі елдің ертеңгі азаматының моральдық бейнесіне мейлінше ұнамсыз әсер ететін «үлгі» құрайды.
4) Балаңмен ойна! Яғни, балаңа қажет уақыт тап, оған қалай сөйлеп, қалай ойнау ұнаса, солай сөйлеп, солай ойна, оның ойындарына шындап ден қой, оның ұғым-түсініктер әлеміне бейімдел.
5) Балаңмен бірге еңбектен! Балаң жұмысқа қатысқысы келгенде, оны демеп жібер (үйде, бақта, бақшада). Балаң өсіңкірегенде шаруашылыққа қажетті барлық жұмыстарға қатыстырып үйрет. Қолы бос кездері мен каникул уақытында ол мектеп ұйымдастырған іс-қызмет түрлеріне қатысуға тиіс.
6) Баланың оңай болмаса да өз бетімен өмірлік тәжірибе алуын жолға қой! Бала өз басынан өткерген тәжірибені ғана мойындайды. Сенің жеке тәжірибелігің балаң үшін көп жағдайда құнсыз болып шығады. Оған өзінің жеке тәжірибесін жинақтауға мүмкіндік бер, тіпті бұл белгілі бір тәуекелмен байланысты болған күнде де солай істе. Шамадан тыс қорғаштаған, қауіптің қай-қайсысынан да «қамсыздандырылған» бала көп жағдайда әлеуметтік мүгедекке айналады.
7) Балаға адамдық бостандықтың мүмкіндіктері мен шектерін көрсет! Ата-анасы баланың алдымен әрқайсысының дарындары мен ерекшеліктеріне сәйкес адамның жеке басының дамуы мен тұлғалануының тамаша мүмкіндіктерін ашуға тиіс. Сонымен бірге оған кез-келген адам отбасында, ұжымда және жалпы қоғамда өзінің іс-әрекеттерінің белгілі бір шектерін мойындауы және сақтауы тиіс екенін көрсету қажет (заңды ұстану және өмір салты ережелерін сақтау).
8) Баланы тіл алғыш етіп үйрет! Ата-анасы баланың мінез-құлқын қадағалап отыруға және оның іс-қылықтарын оның өзіне де, басқаларға да нұқсан келтірмейтіндей етіп бағыттап отыруға міндетті. Баланы белгіленген ережелерді сақтағаны үшін қолпаштап отырған жөн! Алайда қажет болған жағдайда жаза арқылы ережелерді құрметтетіп отыру керек.
9) Баладан пісіп-жетілу сатысына және өзіндік тәжірибесіне сәйкес шама-шарқы жететін пікірлер мен бағаларды ғана күт! Бала осынау соншама күрделі дүниеде бағдар жасап үйренгенше, оған ұзақ уақыт қажет. Оған қолыңнан келгенше көмектес және де жинақтаған тәжірибесі мен өзінің пісіп- жетілу сатысына сәйкес өзіндік пікірін немесе қорытындысын айта алатын кезде ғана баладан оларды талап ет.
10) Балаға еске түсіруге болатын құндылыққа ие әсерлерді басынан кешіруге мүмкіндік бер! Бала да, үлкендер сияқты, әсерлермен «қоректенеді», олар балаға басқа адамдардың өмір- тіршілігімен және айналадағы дүниемен танысуға мүмкіндік береді.
Ата-ана мен бала
...Егер 13-15 жастағы баланың алғашқы сезімі сәтсіздікке ұшыраса, кім көмекке келу керек? Психологтың ойынша, ата-анасы ғана міндетті түрде көмектесуі керек. Себебі, оны түсіну қиын емес, ал... түсіну – демек, көмектесу
Осы жағдайды бәріміз кездестіріп жүрген болармыз. Ол өзінің төсегінде, төбеге бейсаналықпен көзін қадап бос жатыр. Магнитофон бар дауысымен қосулы. Жеткіншек, жасөспірім мұңға батқан: бірнеше күн бұрын оның алғашқы махаббаты – сүйкімді сыныптас қызы енді кездеспейміз, деп «тастап» кетті. Бала мектепке барудан бас тартты. Осы жағдайда не істеу керек?
Мұндай жағдайда ата-ана баласының жүрек жарасын ойынға айналдырмай, шын ниетімен қабылдай білуі маңызды деп санайды психологтар. Сондай-ақ, бірнеше кеңес береді.
- «Бүкіл әлемде жалғыз ол қыз емес, әлі де қаншама қызға ғашық боласың», т.б. сияқты сөздерден сақ болыңыз. Жасөспірімде ата-анасы оның сезіміне үстірт, жеңілтек қарап отыр деген пікір қалыптасып, сізбен сөйлеспей қоюы мүмкін. Одан да «Иә, саған шынымен оңай емес, балам, түсінемін» деп қолдаңыз.
Егер балаңызды осы кезде құшағыңызға алсаңыз, ол өзін сенімдірек сезінеді. Үнсіз тыныштықта бір-біріңізге жақынырақ отырып ештеңе айтпастан да оған көмегіңізді көрсете аласыз.
Немесе өзіңіздің алғашқы сезіміңіз туралы әңгімелесеңіз, мұндай «жүрек ауруымен» жалғыз ол ауырмағанын түсінеді.
Нағыз болмаса, бірнеше күн мектепке бармай-ақ қой, деп түсіністік білдіріңіз. Оның ауыр күндерді өз үйінде өткергені жақсы, өйткені оның ойы қазір алгебра мен географиядан өте алшақ .
«Не болып қалды?» «Ол не деді, сен не қылдың?» секілді тынымсыз да жабысқақ сұрақтар қою қауіпті. Ол тұйықталып, ешкіммен бөліспей, қиналуы мүмкін. Егер, бала өзі ата-анасымен өз мәселесін бөліскісі келмесе, жабыспаңыз, азаптамаңыз. Оны басқаша қолдап, көңілін көтеруге тырысыңыз. Мысалы, достарын қонаққа шақырып, алаңдатып, көңілін аударыңыз. Қайғыны бөліссе, азаяды. Бұл – халық тәжірибесі.